Ultainasy.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
Аймақ

Абай облысында өнеркәсіп өндірісі бір жылда 630 млрд теңгеге өсті

Бүгін Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Жиында Абай облысының 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, өңірлік жұмыспен қамту картасын іске асыру және халықтың осал топтарына тұрғын үйлерді беру мәселелері қаралды. Отырысқа қала және аудан әкімдері, басқарма басшылары, департамент жетекшілері қатысты.

Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр өңірдің тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады. Оның айтуынша, биылғы бірінші жартыжылдықта облыстың жалпы өңірлік өнімі 1 трлн 783,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 105,7 пайызға өсіп, 1,3 пайыздық тармаққа жоғарылады.

Облыс экономикасының негізгі салаларында оң динамика қалыптасты. Өсім көлік саласында 113,4 % (республика бойынша 6 орын), құрылыста 111,5 %, тұрғын үйді пайдалануға беруде 108,3 % (республика бойынша 6 орын), өңдеу өнеркәсібінде 107 %, ішкі саудада 105,8% (республика бойынша 8 орын), ауыл шаруашылығында 104,5% (республика бойынша 9 орын), инвестицияда 102,8 %, байланыс саласында 102,6% қамтамасыз етілді.

Тоғыз айда облыста 2,5 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 630 млрд теңгеге артық. Өнеркәсіп өнімінің көлемі бойынша Абай облысы республика өңірлері арасында 10-орыннан 8-орынға көтерілді.

Есепті кезеңде облыс экономикасына 417,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның 365,2 млрд теңгесі жеке инвестициялардың үлесіне тиесілі. Жеке инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 97,9 млрд теңгеге ұлғайды (республика бойынша 8 орын).

Құрылыс саласында да өсім сақталды. Тоғыз айда 240,4 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары орындалып, 173,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші бойынша облыс республика өңірлері арасында 19-орыннан 6-орынға көтерілді.

Меншікті кірістер бойынша республика деңгейінде облыс 4 орында келеді. Облыс бюджетіне тоғыз айда жоспарланған 122,6 млрд теңгенің орнына 123,1 млрд теңге түсіп, кіріс жоспары 561,9 млн теңгеге артығымен орындалды.

Жиында қала және аудан әкімдерінің қызметіне жүргізілген рейтингтік бағалау нәтижелері жарияланды. 83 индикатор бойынша жүргізілген бағалау қорытындысында Семей қаласы, Жаңасемей және Үржар аудандары алғашқы үштіктен көрінді. Курчатов қаласы, Ақсуат және Көкпекті аудандары рейтингтің төменгі сатысынан орын алды. Көкпекті ауданы былтырғы жыл қорытындысында да, биылғы үш тоқсанда да соңғы орыннан көтерілмеген.

Аймақ басшысы рейтинг қорытындысында төмен болған Курчатов қаласы, Ақсуат және Көкпекті аудандары әкімдеріне негізгі көрсеткіштерді жақсарту бағытында жұмысты күшейтуді тапсырды. Көкпекті ауданы әкімі тарапынан қабылданып жатқан шаралардың тиімділігіне баға беріп, тиісті шешім қабылдау жөнінде ұсыныс енгізуді жүктеді.

Жиын қорытындысында облыс әкімі инвестиция тарту, өндіріс пен кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік және жұмыспен қамту салаларындағы жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізуді тапсырды. Сондай-ақ, жыл қорытындысында белгіленген міндеттерді орындамаған жауапты тұлғаларға тәртіптік шаралар қолданылатынын ескертті.

 

Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі