Астанадағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінде күзгі шақырылымның 750-ге жуық сарбазы Отанға адал қызмет етуге ант берді. Республика күні қарсаңында өткен салтанатты рәсім жас жауынгерлер үшін ерекше мәнге ие болды.
Отан қорғаушылар Қазақстанның әр өңірінен әскери қызметке шақырылған. Олар жас жауынгер курсынан сәтті өтіп, әскери істің негіздерін меңгеріп, әскери жарғылардың талаптарымен танысты. Сондай-ақ алдағы қызметтік міндеттерін орындауға қажетті дағдыларды игерді.
Жас ұландықтардың өміріндегі маңызды сәтке куә болу үшін бес мыңнан астам адам жиналды. Олардың қатарында ата-аналар, туған-туыстар, достар, ардагерлер мен құрметті қонақтар болды. Бұл күн сарбаздардың отбасы үшін де ерекше болды. Олар ұлдарының Отан алдындағы борышын өтеуге кірісіп, ел қорғаушылар қатарына қосылғанын тамашалады.
Әскери қызметшілерге Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бекайдар Қазкеев ақжарма тілегін арнады. Ол Республика күні қарсаңында әскери ант қабылдаудың символдық мәні бар екенін атап өтті. Өйткені әскери борышқа адалдық пен азаматтарды қорғауға дайын болу елге қызмет етудің маңызды бөлігі саналады.
Ата-аналардың атынан қатардағы жауынгер Нұрғиса Ердібаевтың анасы Зайнұр Ердібаева жас сарбаздарға ақ тілегін жеткізді. Ол
сарбаздарға төзім, қайрат және қызметте табыс тілеп, туған-туыстарының оларды үйде әрдайым асыға күтетінін еске салды.
Салтанатты рәсім мерзімді әскери қызметшілердің саптық жүрісімен жалғасты. Жақындарының алдында ұландықтар саптық жүріс кезінде әскери дайындығы мен саптағы үйлесімділігін көрсетті. Одан кейін Ұлттық ұлан бөлімшелерінің қару-жарағында тұрған заманауи жауынгерлік техника жүріп өтті. Бұл техникалардың бәрі әскери қызметшілердің қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде қолданылады.
Әскери ант қабылдаған жас сарбаздар Астанада қоғамдық тәртіпті күзетуге кіріседі. Олар құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесіп, елорда тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ қоғамдық-саяси, мәдени және спорттық іс-шаралар кезінде тәртіп сақтауға қатысады.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
