Ultainasy.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
Аймақ

Алматыда ел дамуына үлес қосқан азаматтар ұлықталды

Алматыда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік наградаларды табыстау рәсімі өтті. Марапаттарды қала әкімі Дархан Сатыбалды табыстады.
Өнеркәсіп, коммуналдық шаруашылық, медицина, білім беру, мәдениет, спорт, ғылым және бизнес салаларының өкілдерін қосқанда барлығы 89 адам марапатталды. Марапат иелерінің арасында дәрігерлер, педагогтер, инженерлер, көлік саласының қызметкерлері және елдің дамуына үлес қосып жүрген басқа да мамандар бар.
Дархан Сатыбалды 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның тарихи маңызын атап, Республика күнінің мәніне тоқталды. Әкім Алматының басты күші – еңбегі арқылы қала мен елдің дамуына үлес қосып жүрген тұрғындар екенін айтты.
Шаһар басшысы мегаполистің экономикалық өсіміне де назар аударды. Қала экономикасының көлемі 72 млрд долларға жуықтаса, өнеркәсіп өндірісінің көлемі екінші жыл қатарынан 1 трлн теңгеден асып отыр.
Салтанатты рәсім Республика сарайында Роза Рымбаева, Мейрамбек Бесбаев және басқа да өнерпаздар қатысқан мерекелік концертке ұласты.