Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Жапонияда өткен ХХ жазғы Азия ойындары мен V Азия Пара ойындарында жоғары нәтиже көрсеткен өңір спортшыларымен кездесті. Салтанатты жиында халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларға облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Өңір басшысы спортшыларды құттықтап, олардың жетістігі ел спорты үшін маңызды екенін атап өтті.
– Жапония мемлекетінде өткен ХХ жазғы Азия ойындары және V Азия Пара ойындарында жоғары нәтиже көрсеткендеріңіз үшін баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бұл додаға еліміздің намысын спорттың 35 түрінен 558 спортшы қорғаса, оның ішінде Түркістан облысынан 35 спортшы қатысып, 1 алтын, 3 күміс және 3 қола жеңіп алды. Сонымен қатар Азия Пара ойындарына спорттың 3 түрінен 5 спортшы қатысып, 2 алтын, 1 қола медаль еншіледі. Жерлестеріміз жалпы 10 медаль иеленіп, өңіріміздің ғана емес, тұтас еліміздің мерейін үстем етті. Бұл – үлкен жетістік! Әрбір жеңістің артында спортшының табандылығы, қажырлы еңбегі және жаттықтырушылардың тынымсыз еңбегі тұр. Сіздер жеңіс тұғырына көтерілген сәтте бүкіл Түркістан жұртшылығы мақтанды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен бүгінде облыста бұқаралық және жоғары жетістіктер спортын дамытуға, ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Өңірде 3595 спорт нысаны жұмыс істейді. Биыл 58 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 31-і ел игілігіне тапсырылды. Алдағы уақытта да облыста спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Жеңістеріңіз тағы да құтты болсын! Түркістан облысының абыройын асқақтатып, еліміздің көк байрағын биікте желбірете беріңіздер! – деді Нұралхан Көшеров.
Айта кетейік, Азия ойындарында Түркістан өңірінің спортшылары сәтті өнер көрсетті. Академиялық ескек есуден Владислав Яковлев пен Иван Чернухин алтын медаль иеленді. Байдарка мен каноэде есуден Ольга Шмелёва күміс және қола жүлдеге қол жеткізді. Каратэден Әсел Қанай, дзюдодан Айдар Арапов күміс медаль жеңіп алса, еркін күрестен Едіге Қасымбек пен әйелдер күресінен Нилуфар Раймова қола жүлдегер атанды.
Ал Азия Пара ойындарында пара дзюдодан Бексұлтан Құлмырза мен Ақтолқын Сейілбекова алтын медаль иеленсе, Бағланбек Оңалбек қола жүлдеге қол жеткізді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
