Түркістан облысында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Есірткісіз болашақ» атты нашақорлыққа қарсы форум өтті. Ауқымды іс-шара облыс көлемінде ұйымдастырылған онкүндік профилактикалық жұмыстарының қорытындысына арналды.
Форумға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Болат Қалмұрзаев, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Абай Жүсіпов, ҚР Құрылтайының депутаты Гүлісхан Нахбаева, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, «Qazaqstan Team» республикалық қоғамдық жастар бірлестігінің жетекшісі Олжас Сүлеймен, «Жайдарман» жобасының жетекшісі, «Құрмет» орденінің иегері Есен Елеукен, сондай-ақ прокуратура, сот, полиция және өзге де құзырлы органдардың өкілдері мен жастар қатысты.
Форум қонақтарын полициядағы робот ит арнайы қарсы алды. Дронның көмегімен аумақты бақылау және құқық бұзушылықтарды анықтау мүмкіндіктері көрсетілді. Сонымен қатар қызметтік иттердің көмегімен жасырылған есірткі заттарын табу, арнайы жасақ қызметкерлерінің күдіктіні ұстау кезіндегі тактикалық әдіс-тәсілдері көпшілік назарына ұсынылды. Бұдан кейін қонақтар «Жас сақшы» сыныбы оқушыларының сурет, қолөнер көрмелерімен танысып, полицияның техникалық жабдықтарын, тақырыптық бейнематериалдарын тамашалады.
Форумның ресми бөлімінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров есірткіге қарсы күресте мемлекеттік органдар мен қоғам бірігуі керектігін атап өтті.
– Бүгінгі басқосуымызда біз тек есірткі мен нашақорлықтың зияны туралы ғана емес, жас ұрпақтың болашағы туралы да сөз қозғаймыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауында есірткі саудасы мен нашақорлыққа қарсы күрестің маңызына тоқталып, нақты міндеттер жүктеді. Өйткені, есірткі бір адамның өмірін ғана емес, тұтас отбасының тағдырын күйретеді. Сондықтан ең алдымен, жастардың санасында оған деген үзілді-кесілді қарсылық қалыптастыруымыз қажет. Бұл ретте жастарға қолайлы орта ұсынудың маңызы зор. Бүгінде Түркістан облысында 950 мыңнан астам бала мен жас бар. Жастардың жан-жақты дамуына, қабілетін шыңдауына жағдай жасау мақсатында облыстың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріп келеміз. Облыс құрылғаннан бері 214 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Сонымен қатар өңірдің мәдени инфрақұрылымын дамыту аясында 26 мәдениет үйі мен клубтың құрылысы жүргізілді. Бүгінде облыстағы 801 елді мекеннің 249-ы мәдениет нысандарымен қамтылған. Өңірде 3595 спорт нысаны жұмыс істейді. Биыл 58 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 31-і ел игілігіне тапсырылды. Мұның барлығы жастардың дені сау, білімді, мәдениетті әрі белсенді болып қалыптасуына жасалып жатқан жағдай. Жастарымыз аман, болашағымыз жарқын болсын! – деді Нұралхан Көшеров.
Ал Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров өз сөзінде Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатының маңыздылығына тоқталып, есірткі қылмысына қарсы күресте полицияның жүйелі жұмысы мен қоғамның бірлескен әрекеті шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ есірткі саудасымен айналысатындарға заң аясында қатаң шара қолданылатынын, ал жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, қауіпсіз орта қалыптастыру ортақ міндет екенін жеткізді. Ол ұстаздар мен ата-аналарды жасөспірімдердің тәрбиесіне бейжай қарамауға шақырып, жастарды оңай табысқа қызықпай, білім мен адал еңбекке ұмтылуға үндеді.
Форумның спикерлер алаңында қатысушылар жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, саналы таңдау жасау, азаматтық белсенділігін арттыру, бос уақытын тиімді ұйымдастыру және есірткіге қарсы көзқарасты нығайту мәселелерін талқылады. Спикерлер қатарында Гүлісхан Нахбаева, Олжас Сүлеймен, Абай Жүсіпов және Есен Елеукен болды.
Жиын барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының ерлер хоры патриоттық әндер орындады. Форумның қорытынды бөлімінде әнші, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ибрагим Ескендір мен «Алтын домбыра» жас домбырашылар ансамблі өнер көрсетті.
Айта кетейік, онкүндік аясында Түркістан облысының аудан-қалаларында полиция қызметкерлерінің қатысуымен жастармен кездесулер, профилактикалық акциялар мен түсіндіру шаралары ұйымдастырылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың есірткімен күресті күшейту жөніндегі тапсырмалары мен Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің талаптарын басшылыққа алған Түркістан облысының полицейлері 2026 жылдың 10 айында 332 құқық бұзушылықты анықтап, заңсыз айналымнан 1 тоннаға жуық есірткі тәркіледі. Сонымен қатар 1360 интернет-ресурс бұғатталып, 2 320 банк картасының айналымына шектеу қойылды, есірткіні жарнамалайтын 515 граффити жазбасы жойылды. Алдын алу бағытында 1300-ге жуық профилактикалық іс-шара өткізіліп, оған 144 мыңнан астам адам қамтылған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
