Ultainasy.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
Аймақ

Қызылорда: Қазалы ауданындағы екі ауылға газ берілді

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев Қазалы ауданына жұмыс сапары кезінде құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, зиялы қауым өкілдерімен бірге Жанқожа батыр және Ү.Түктібаев ауылдарына газ қосу рәсіміне қатысты.
Ауыл тұрғындарын көптен күткен игіліктің іске асуымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы:«Ауыл – біздің алтын бесігіміз. Ауылдағы тіршілік сапасын жақсартпай, жалпы ұлттық дамуды елестету мүмкін емес», – деген болатын.
Бүгін Жанқожа батыр және Ү.Түктібаев ауылдарын көгілдір отынға қосудамыз.
Президентіміздің, Үкіметтің қолдауымен өңіріміздің барлық саласында серпінді жобалар жүзеге асып, әлеуметтік-экономикалық даму бағытында оң тенденция қалыптасты. Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін баспанамен қамту, инфрақұрылымды қайта жаңғырту қарқын алды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен барлық елді мекенге 100 пайыз сапалы ауыз су жеткізілді.
Қызылорда қаласында «Aksa Energy» компаниясы 215 млрд. теңгеге қуаттылығы 240 мегават жаңа жылу электр орталығын салып, бүгінде ел игілігіне қызмет етуде. Сондай-ақ 1,5 мың шақырымдық «Бейнеу-Шымкент» газ құбырының екінші желісі жоспарлануда. Газ құбырына 3 трлн. теңге бөлінеді, оның 1,7 трлн. теңгеге салынатын 846 шақырымы облыс аумағынан өтеді.
Елдің дамуы ауылдан, ауылдың гүлденуінен басталады. Бүгінгі қуаныш әрбір отбасына бақыт пен шаттық әкелсін!» – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Рәсімде ел ағалары Әлімбай Қасқырбай, Берік Бисембаев сөз сөйлеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Өңірде 2022-2025 жылдар аралығында 65 млрд.теңгеден астам қаржыға 77 жоба жүзеге асты. Былтыр 18 жобаға 17 млрд. теңгеден астам қаражат бөлініп, 11 елді мекенге газ келді. Аймақта газдандыру деңгейі 83 пайыз болды.
Жыл соңына дейін тағы 10 елді мекен тұрғындары газ игілігін көріп, халықты қамту деңгейі 85 пайыздық межеге жетеді.
Бұдан бөлек, «ҚазақГазАймақ» акционерлік қоғамының инвестициялық бағдарламасы аясында 10 млрд. теңгеге 6 елді мекенді газдандыру жоспарланған.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі