Бүгін Семейде Ұлттық валюта – теңге күні қарсаңында өңірдегі қаржы саласының үздіктері марапатталды. Облыс әкімі Берік Уәли қаржы саласында көп жылдық адал еңбегімен және жоғары кәсібилігімен дараланған азаматтарды құттықтап, құрмет көрсетті.
«Баршаңызды еліміздің экономикалық тәуелсіздігінің айшықты белгісі – Ұлттық валюта күнімен және қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл төл теңгеміздің айналымға енгеніне 33 жыл толып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Төл валютамыз – тәуелсіздіктің символы». Биыл ұлттық валютамыздың тарихында тағы бір маңызды белес болды. Мемлекет басшысының конституциялық реформалар аясында ұлттық валютаның мәртебесіне ерекше мән беруінің нәтижесінде теңгенің маңызы жаңа деңгейге көтерілді. Осы саланың тірегі – мемлекет қаражатының әрбір теңгесіне жауапкершілікпен қарайтын, ел мүддесін бәрінен биік қоятын білікті қаржыгерлер. Әлеуметтік нысандардың салынуы, жолдардың жөнделуі, инфрақұрылымның жаңғыртылуы және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған әрбір бастама тұрақты қаржыландыру мен сауатты қаржылық басқаруға тікелей байланысты. Сондықтан өңірімізде жүзеге асып жатқан әрбір игі істің, әрбір маңызды жобаның артында қаржы саласы қызметкерлерінің елеулі еңбегі бар. Аталған жетістіктердің барлығы – қаржы саласы мамандарының кәсіби біліктілігінің, жүйелі еңбегі мен жоғары жауапкершілігінің нәтижесі екені сөзсіз. Осы мерейлі мереке қарсаңында баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін», – деді Берік Уәли.
Абай облысы құрылғаннан бергі төрт жылдан астам уақыт ішінде өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріліп, қаржылық мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейді.
Облыс құрылған кезде өңір бюджетінің көлемі 260,3 млрд теңгені құраса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 542,2 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар, биыл бюджеттен тыс Арнаулы мемлекеттік қор мен Инфрақұрылымды дамыту қоры есебінен өңірдегі маңызды жобаларды жүзеге асыруға қосымша 85,3 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталады.
Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі
