ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру барысына мониторинг жүргізу жөніндегі орталықтың кезекті отырысын өткізді. Онда өңірлерде тиісті Тұжырымдаманы жүзеге асыру барысы, волонтерлік қозғалысты қолдау жөніндегі шаралар, сондай-ақ экологиялық туризмді дамыту жайы қаралды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
«Баршаңызға мәлім, «Таза Қазақстан» ұғымы жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарының біріне айналды. Атап айтқанда, қоршаған ортаны қорғау, халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және табиғатқа деген қамқорлық құндылықтары басым міндеттер ретінде айқындалып отыр. Бұған дейін бекітілген «Таза Қазақстан» тұжырымдамасында экологиялық саясатты жүзеге асырудың негізгі буыны ретінде жергілікті атқарушы органдарға маңызды рөл жүктелген», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының ақпараты бойынша мегаполисте экологиялық акцияларға 146 мың адам қатысқан. 126 жерде 7 жалпықалалық сенбілік өткізіліп, 18 мың текше метр қалдық шығарылған. Биылғы сәуір айынан бастап қалада санитарлық күтімнің «Бір аудан – қасбеттен қасбетке дейін бір мердігер» атты жаңа моделі енгізілді. Бұл тәсіл аумақты жинау, қадағалау сапасын және тұрғындардың өтініштеріне жауап берудің жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді. Көгалдандыру аясында 1,4 млн-нан астам жасыл желек отырғызылды. Қаланың сәндік-гүлді безендірілуі бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы жылдан бастап гүлмен көгалдандыру алаңы екі есеге, яғни 450 мың шаршы метрге ұлғайтылды. Сонымен қатар, биыл экологиялық тәжірибелер мен қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін насихаттайтын алғашқы мобильді экотрак іске қосылды. Экотрак спорттық және мәдени іс-шараларда белсенді қолданылып, қатысушылар мен қонақтарды экологиялық бастамаларға тартуға ықпал етеді.
