Ultainasy.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
МегаполисСпорт & Туризм

Run for Autism: елордада аутизмді қолдауға арналған халықаралық жүгіру өтті

Астана қаласында жыл сайын өткізілетін төртінші қайырымдылық Run for Autism жүгіру жарысы өтті. Жиналған 42 млн теңгеден астам қайырымдылық қаражаты аутизмі бар және өзге де менталдық бұзылыстары бар жасөспірімдер мен ересектерді кәсіби оқытуға бағытталады. Іс-шараны Bolashak Charity серіктестердің қолдауымен ұйымдастырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жарыстың мақсаты – қоғамның аутизм туралы хабардарлығын арттыру, аутизмі бар адамдардың өмір сапасын жақсарту, олардың әлеуметтенуі мен өзін-өзі басқаруға жағдай жасау, сондай-ақ инклюзияны дамыту.
Іс-шара аутизм мәселесі туралы ақпараттандыру айына орайластырылды. Елордада АСБ диагнозымен 4 368 адам тіркелген, оның 4 232-сі — балалар (96,8%).
Run for Autism – аутизмді зерттеуді қолдауға қаражат жинауға бағытталған халықаралық бастама. Қазақстанда Run for Autism жүгіру жарысын Bolashak Charity қоры алғаш рет 2023 жылы өткізді. Үш жыл ішінде жарыстарға 6 443 адам қатысып, 42 348 444 теңге қайырымдылық қаражаты жиналды. Осы қаражатқа Астана қаласы мен Қостанай облысы аумағындағы балабақшаларда, мектептерде және колледждерде 25 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды.
Барлығы қайырымдылық жүгіру жарысына 26 қаладан 5 000 адам қатысты: Ақтөбе, Ақтау, Алматы, Астана, Атбасар, Атырау, Аягөз, Балқаш, Ерейментау, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Семей, Степногорск, Талдықорған, Тараз, Теміртау, Түркістан, Орал, Өскемен, Шахтинск, Шымкент, Екібастұз.
Жарысқа даму ерекшеліктері бар 100-ден астам адам қатысты (аутизм, Даун синдромы, церебралды сал ауруы, есту қабілеті бұзылған спортшылар, тірек-қимыл аппараты бұзылған жандар және т.б.). Онлайн жүгіру жарысына Қазақстанның 30 қаласынан, сондай-ақ Ұлыбритания мен Ресей елдерінен 140 адам қатысты.
Іс-шара аясында дәстүр бойынша аутизмі бар және өзге де даму ерекшеліктері бар балаларға арналған «Көңілді старттар» спорттық-ойын эстафетасы өткізілді. Оған аутизм, Даун синдромы, церебралды сал ауруы, психикалық және сөйлеу дамуының тежелуі, дислексиясы бар 5 пен 14 жас аралығындағы шамамен 180 бала қатысты. Эстафетадан кейін балаларға іс-шара серіктестерінің сыйлықтары табысталды.