Аймақ басшысы Берік Уәли Аягөз ауданындағы «Sarybulak operating» ЖШС-не барып, жаңа кәсіпорынның жұмысымен танысты, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ultainasy.kz.
«Sarybulak Operating» ЖШС 2024 жылы құрылған. Қазіргі таңда мұнда 300 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын жүзеге асырып отырған «Сарыбұлақ» мыс кен орнын игеру жобасы өңірдің индустриялық дамуына тың серпін береді.
Жоба аясында сульфидті кенді өңдейтін байыту фабрикасы іске қосылған. Фабриканың жылдық өндірістік қуаты – 400 мың тонна кен өңдеу. Нәтижесінде жылына 30 мың тоннаға дейін құрамында шамамен 20% мыс бар сульфидті мыс концентраты өндіріледі. Өндірілген өнім ішкі нарықпен қатар, шетелге экспортталады.
Кәсіпорынның негізгі бағыты – мыс өндіру. Бұл өз кезегінде өңірдің тау-кен металлургия саласының дамуына және өнеркәсіптік әлеуетінің артуына тікелей ықпал етеді. Аталған жоба өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған.
Аймақ басшысы кәсіпорынның кен өндіру орнын, кен байыту фабрикасын, зертхананы, спорт кешенін көріп, өндірістік үдерістердің барысымен, қолданылып жатқан технологиялармен және еңбек қауіпсіздігін сақтау шараларымен танысты. Сонымен қатар, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және жергілікті кадрларды қолдау бағытындағы жұмыстардың маңызына тоқталды.
«Президентіміздің алдымызға қойған негізгі талабы – инвесторлармен жұмыс істеу. Осындай кен орындары облыстың әлеуетін арттыруға септігін тигізеді. Біз инвесторлармен, кен өндірушілермен тығыз байланыста жұмыс істеуге дайынбыз. Басты талабымыз — жергілікті халықты жұмысқа тарту, олардың өтініш-тілектерін орындау. Осы төңіректегі елді мекен тұрғындары ауылдарға ойын алаңдарын, спорт нысандарын, жол салу мәселесін көтеріп отыр. Спорт нысанын салуды бастап та кеткен екенсіздер. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру керек. Әкімдік тарапынан барлық қажетті қолдауды көрсетеміз», — деді Берік Уәли.
