Ultainasy.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
Аймақ

Атырау бекіре зауыты жылына 7,4 млн шабақ өсіретін болады

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовтың төрағалығымен жиын өтіп, онда Атырау бекіре балық өсіру зауытын жаңарту мәселелері қаралды. Кәсіпорын жаңғыртылғаннан кейін жылына қазіргі 5 млн-ның орнына 7,4 млн бекіре шабағын өсіре алады. Жайық-Каспий бассейніндегі бекіре тұқымдас балықтардың популяциясын сақтау үшін шабақтарды табиғи ортаға жібереді.
Жаңғырту жұмыстарын облыс әкімдігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүргізіп жатыр. Зауытты кеңейтуге 17 гектар жер телімі бөлінді. Кәсіпорын Жайық-Атырау мен Атырау зауыттарын біріктіру нәтижесінде құрылған және “Жаңаталап”, “Еркінқала” учаскелерінде жұмыс істейді.
Жаңаталаптағы учаскеде жаңғыртудың бірінші кезеңі аяқталып, бүгінде екінші кезеңі жүріп жатыр. Өндірістік цех күрделі жөндеуден өтіп, сумен қамтамасыз ететін тұйық жүйе мен желдету жабдықтары орнатылған, балық өсіруге арналған бассейндер мен резервуарлар дайындалды. Сонымен қатар дафниялар өсіретін 32 бассейн жабдықталып жатыр. Бұл шаян тәріздес ұсақ жәндіктерды
шабақтарға қорек ретінде қолданады.
Негізгі жұмыстар 2026 жылғы қарашаның соңына дейін, ал сорғы станциясындағы жұмыстарды жыл аяғына дейін бітіру жоспарланған.
Еркінқаладағы учаскеде үшінші кезең басталуы тиіс. Бүгінде мердігерді анықтау бойынша тендер болып жатыр. Жұмыстың жалпы құны —1,5 млрд теңге.
Болат Ақшолақов Каспий теңізі мен оның салаларындағы балық қорын молайту өңірдегі су биоресурстарын сақтаудағы маңызды міндет екенін айтты. Әкім “Еркінқала” учаскесін жаңғырту жұмыстарын уақытынан кешіктірмеуді тапсырды.
Аймақ басшысы шабақтарды молырақ өсіріп, оны жергілікті балық шаруашылықтарына беру мүмкіндігін қарастыруды да жүктеді. Бұл тауарлы бекіре өнімдерін, соның ішінде балық еті мен уылдырығының өндірісін арттыруға мүмкіндік береді.
Бекіре тұқымдас балықтарды сақтау және өсіру — Каспий жағалауындағы бес мемлекеттің: Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Иран және Түркіменстанның ортақ міндеті. Бұл елдер арасында Каспий теңізінің су биоресурстарын сақтау және тиімді пайдалану туралы мемлекетаралық келісім бар. Бекіре тұқымдас шабақтарды қолдан өсіріп, оларды табиғи ортаға жіберу — осы ынтымақтастық шеңберіндегі жұмыстардың бір бағыты.
Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі