Түркістан қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында Мемлекет басшысының «Кітап оқитын ұлт» идеясын ілгерілету аясында «Бірге оқимыз, бірге ойлаймыз!» атты әдеби кездесу жалғасын тапты. Іс-шараның ашылуында Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева сөз сөйлеп, кітап оқудың қоғамның рухани дамуы мен жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастырудағы маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, оқырман мәдениетін дамыту, әдеби мұраны дәріптеу және жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру бағытындағы бастамалардың өзектілігін атап өтті.
Әдеби кездесуді журналист, ҚР Ақпарат саласының үздігі Төребек Байтасов жүргізді. Басқосуға кітапсүйер қауым, жастар мен студенттер қатысып, үш көрнекті туындыны талқылады. Атап айтқанда, Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша», Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» және Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» шығармалары негізінде мазмұнды пікір алмасу өтті. Жүздесуге сарапшылар ретінде «Қалқан» кітап клубының негізін қалаушы Арман Нұржанұлы, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ң магистранты Әбдіжаппар Нұрдәуіт және университет студенті Әсем Барат қатысты. Олар кітап оқудың маңыздылығы мен пайдасына тоқталып, кітап оқу әуестігін қалыптастыру дағдыларына тоқталды.
Бағдарлама аясында «Kahoot» платформасы арқылы интерактивті сұрақ-жауап ұйымдастырылып, қатысушылардың шығармалар бойынша білімдері сыналды. Ал Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ң студенті Зарина Мамуржанова мен Түркістан көпсалалы жоғары медицина колледжінің студенті Азамат Тұрсынбек Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» шығармасы негізінде сахналық көрініс ұсынды. Кездесу соңында интерактивті ойынның үздік қатысушылары марапатталып, басқосу еркін пікір алмасу форматындағы кофе-брейкпен жалғасты.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
