ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫНДА МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАР ҚАЛАЙ ДАУЫС БЕРЕДІ — Ultainasy.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
АймақЖАҢАЛЫҚТАР

ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫНДА МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАР ҚАЛАЙ ДАУЫС БЕРЕДІ

20 қарашада өтетін президент сайлауы кезінде мүгедек және ерекше күтімді қажет ететін жандарға жағдай жасау туралы қаулы бекітілді.

«Жергілікті атқарушы органдар дауыс беруге арналған ғимаратқа кіреберісте тұтқа, пандус, сондай-ақ басқа да қажетті керек-жарақты (уақытша ғана рұқсат етіледі) қарастыруы тиіс. Дауыс беруге арналған ғимарат мүгедек жандар үшін барынша қолжетімді болуы қажет. Мүмкіндігінше дауыс беру кабиналары ғимараттың бірінші қабатында орналасқаны жөн. Ал жоғары қабатта болса, мүгедек азаматтардың көтерілуіне жағдайы жасалуы тиіс», — деді орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова.

Осылайша ОСК мүшелері президент сайлауы кезінде еліміздің барлық өңірінде мүгедек жандарға жағдай жасау туралы қаулы қабылдады.

«Дауыс беру ғимаратында тірек-қимыл аппаратының функциялары бұзылған сайлаушылардың, оның ішінде кресло-арба пайдаланатын адамдарға жағдай жасау мақсатында жасырын дауыс беруге арналған кабинаның диагоналі кемінде 54 см болуы керек және мониторлы компьютері бар мүгедек адамдар үшін арнайы жабдықталған орын көзделуі қажет. Онда мүгедектігі бар адамдарға бейімделген форматта сайлау туралы ақпарат, құлаққаптар, қосымша жарықтандыру қарастырылады», — дейді ол.

Сондай-ақ, қаулыға сай ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ерекше күтімді қажет ететін дауыс берушілер және сайлау учаскелері туралы мәліметтерді өзектендіру керектігі айтылған.
Жиын барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі мәлім еткендей, бүгінде елімізде 600 мыңнан астам мүгедек жан бар.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ