СОЛТҮСТІККЕ КӨШЕТІН ТҰРҒЫНДАРҒА ЫНТАЛАНДЫРУ СЕРТИФИКАТЫ БЕРІЛЕДІ — Ultainasy.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
ЖАҢАЛЫҚТАР

СОЛТҮСТІККЕ КӨШЕТІН ТҰРҒЫНДАРҒА ЫНТАЛАНДЫРУ СЕРТИФИКАТЫ БЕРІЛЕДІ

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова солтүстікке жұмыс күшін көшірудегі өзгерістерді айтып берді.
«Ішкі миграциядағы ең басты мәселе – оңтүстіктен солтүстікке азаматтарды көшіру ғана емес, солтүстікте жұмыс орнының болуы, содан кейін баспананың болуы, одан кейін ғана көшуді ойластырған жөн. Сондықтан қазір көші-қон жөніндегі бағдарламамызға өзгерістер енгізіп жатырмыз, ондағы бірінші өзгеріс – көшетін азамат жұмыс орнын белгілеуі керек. Яғни жұмыс берушілер немесе сол жердегі жергілікті атқарушы органдар жұмысқа орналастырады.
Екінші өзгеріс – жұмыс орны белгілі болған соң, қажетті келісімшартты жасаған соң ынталандыру сертификаттары беріледі. Мұнда олардың алатын баспанасының 50 пайызын құрайтын шамадағы қаражат қолына бөлінеді. Бұл қаражатты азамат үй салуға немсе сатып алуға болмаса отбасы банкіне бастапқы капитал ретінде сақтап, одан кейін сатып алуына да мүмкіндік болады», — деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде.
Сонымен бірге Қазақ картасы аясында шетелдегі этникалық қазақтарға жеңілдетілген виза, 10 жылға дейін уақытша тұру мүмкіндігі беріледі.
«Қандастарымыз жөнінде еш мәселе жоқ. Олардың келуі бүгінгі таңда қолданыстағы заңда толық қамтылған. Сонымен бірге, шетте жүрген, өз бизнесі бар, бірақ елмен тарихи байланыста болғысы келетін этникалық қазақтар да бар. Сондықтан Қазақ картасы деген әлемдік тәжірибеде бар карталардың бірін қолданбақшымыз. Ондағы негізгі түйін – егер шетелдегі этникалық қазақ сол елде тұра берем, бірақ еліме келіп, бизнес ашып, өз елімнің дамуына үлес қосам десе, олардың келіп-кетуіне толық мүмкіндік беріледі және жеңілдетілген визалар беріледі, 10 жылға дейін уақытша тұру мүмкіндігін алады», — деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ