«ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫ»: ШАБАНДОЗДАР ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА АТ БАСЫН ТІРЕДІ — Ultainasy.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
АймақЖАҢАЛЫҚТАРСПОРТ

«ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫ»: ШАБАНДОЗДАР ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА АТ БАСЫН ТІРЕДІ

«Ұлы дала жорығы» республикалық бәйге-марафонына қатысушылар 800 шақырымды жүріп өтті.
Бүгін марафоншылар Бетпақдала шөлінде тоғызыншы кезеңді еңсеруде. Кешке қарай шабандоздар Түркістан облысы Созақ ауданының Тайқоңыр елдімекеніне ат басын тіреді. Одан ары қарай Ақсүмбе, Бақырлы, Абай ауылдарына сапарлайды.
Айта кету керек, мәреге небәрі 400 шақырым жол қалды. Алайда марафонның ауыр сынағына төтеп бере алмай, жарыс жолынан шығып қалғандар да бар. Сегізінші күннің қорытындысы бойынша, Ақтөбе облысының командасы үздік деп танылды.
Жалпы, қазіргі таңда 19 команданың 8-і жарысты жалғастырып жатыр. Ал 11 команда түрлі себептермен жарыс жолынан шығып қалды.
Жоба төрешілерінің бірі Жанбатыр Бекмұсаев Алматы қаласы командасының жарыстан шығу себебін түсіндірді.
«Ауысып мінуге әкелген ат әлсіздеу еді. Сондықтан жарысқа жарамай қалды. Регламентке сәйкес, екі шабандоз ғана қалса команда жарыс жолынан шығады. Дегенмен екі шабандоз жеке дара мәреге жетуге тәуекел етіп отыр», – деді Жанбатыр Бекмұсаев.
Еске сала кетейік, 18 қыркүйекте елордадан 100-ден астам шабандоз аттанып, олар Түркістанға дейін 1200 шақырымды жүріп өтуі тиіс болатын. Марафон 100 шақырымдық 12 сатыға бөлінген.
Созақ сапарынан соң шабандоздар қазақ руханиятының қастерлі қарашаңырағы Түркістан қаласына жолға шығады. Түркістанға бірінші болып жеткен команда «Ұлы дала сарбазы» атағымен және 30 000 000 теңге көлеміндегі жүлдемен марапатталады. 2-ші және 3-ші орын иегерлері сәйкесінше 20 000 000 теңге және 15 000 000 теңге жүлдені қанжығаға байлайды.
Айта кетсек, марафонды «AMANAT» партиясы, «The Great Steppe Tour» қоғамдық қоры мен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ