«БАЛАСЫ АТҚА ШАПҚАНДА, АНАСЫ ҮЙДЕ ОТЫРЫП ТАҚЫМЫН ҚЫСАДЫ» — Ultainasy.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
СПОРТ

«БАЛАСЫ АТҚА ШАПҚАНДА, АНАСЫ ҮЙДЕ ОТЫРЫП ТАҚЫМЫН ҚЫСАДЫ»

Әлем жұртшылығы көз тіккен Головкин-«Канело» рематчына аз ғана уақыт қалды. Жекпе-жек  жақындаған сайын жаһандық таблоидтар бұл мәселені қызу талқылап, әркім өз пайымын айтып, болжамдарын келтіруде. Мәселен, британдық боксер Скотт Кардл: «Канело» ептілік танытып Головкинді жеңеді деп ойлаймын. Дегенмен, GGG бұрынғыдан да қатал болуы мүмкін» — деген екіжақты пікір айтса, WBA Super, WBO және IBF  бойынша жартылай ауыр салмақтағы бұрынғы чемпион Андре Уорд: «Мен бірінші жекпе-жекте екі жақтың тең түскеніне келісемін, егер рематч кезінде фаворитті анықтауда таңдау жасайтын болсам, «Канелоны» таңдар едім. Өйткені, оның бірінші жолғы өзін-өзі ұстауы ұнады» —  дейді. НВО телеарнасының сарапшысы Джим Лэмпли болса, алдағы екі боксер арасындағы бокс жөнінде: «Мен пікірлескен жаттықтырушылардың бәрі «Канелоның» жеңетінін айтады, ал боксерлар Геннадийге сенеді. Мен үшін бұл менің жүргізетін ең тартымды тартысым болғалы тұр», — деді. 2017 жылы төрешілер шешімімен тең дәрежеде аяқталған жекпе-жектен әр боксшы өзіне қандай да бір сабақ, қарсыласына қарсы тәжірибе алғаны сөзсіз. Сауль Альварес жалындаған жастығымен, ұстамдылығымен ерекшеленсе, Геннадий Головкин қуатты соққыларымен басымдылық танытады.

Алдағы өтетін рематчқа букмекерлік кеңселер де бәстерін тіге бастады:

 

 

 

 

Букмекерлік кеңселер

1ХВЕТ Пари-Матч

Paddy Power

Геннадий Головкин

1.68

1.53

1.25

 

«Канело» Сауль Альварес

2.488

2.53

3.75

Тепе-тең

20 25

25

 

 

Демек, кестеде көрсетілгендей, букмекерлік кеңселер «Канелодан» гөрі Геннадий Головкиннің жеңісіне көбірек сенім білдіреді. Бұл жолы Геннадий Головкин жарысқа өзінің барлық белбеулерін тігіп отыр. Сондай-ақ, екі боксшы The Ring чемпионы атағы мен WBC арнайы белбеуіне таласатын болады.

Сонымен, ел көптен күткен тартыс Лас-Вегаста 15 қыркүйекте, ал Қазақстан бойынша, 16 қыркүйек таңертең өтеді. Головкин мен Альварес рингке шамамен сағат 8.00 мен 8.30 аралығында шығады деп болжам жасалып отыр.

Орта салмақтағы WBA (Super), IBO және WBC тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкинге бұл додада елі үміт артып, тартысты жекпе-жек күтуде. Ал,  қазақстандық жанкүйерлер рематчтың толық көрсетілімін QazSport және Qazaqstan телеарналарының тікелей эфирінен тамашалай алады. «Баласы атқа шапқанда, анасы үйде отырып тақымын қысады» демекші, жексенбінің таңында өз спортшымызға жанкүйер болайық!

Гауһар Түстікбаева,

«Қазақ газеттері» ЖШС

ПІКІР ҚАЛДЫРУ